17 жыл бойы аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленіп келген Құндыздың қол-аяғы байлаулы күйде түсірілген фотосы әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кадрлар көпшіліктің ашу-ызасын оятып, оқиғаның нақты мән-жайын анықтау қажеттігін алға шығарды. Бұл туралы Politico.kz хабарлады.
Аталған жағдайға байланысты журналист Саламат Рахымет Құндыз бен оның әпкесі Назгүлдің заңды қамқоршысы Зүлфия Төленовамен байланысқа шыққан. Қамқоршы әлеуметтік желіде тараған суретке өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, даулы фотосуретті өзі де алғаш рет желіден көріп, қатты таңғалған. «Бұл кадрды кім, қашан және қандай жағдайда түсіргенін білмеймін. Егер бұл менің ісім болса, мұндай қадамға ешқашан бармас едім. Құндыз көбіне әпкесі Назгүлге қол көтереді, мүмкін сол сәттердің бірінде байланған болуы мүмкін. Мен бұл жағдайды бүгін ғана естіп отырмын. Көбіне бұл балалардың құжаттарын рәсімдеу үшін ғана сыртқа шығамын. Бұған дейін талай баланы асырап өсірдім, өзіме қастандық жасайтын адам емеспін», – деді Зүлфия Төленова.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары қамқоршының бұл уәжіне күмәнмен қарап, пікірлерін ашық білдіруде. Көпшілік оқиғаға қатысты түрлі көзқарас айтып, тиісті мемлекеттік органдардың араласуын талап етіп отыр.
Желіде жарияланған пікірлердің бірінде «Ауру адамды күту оңай емес, ол кейде айқайлап, қолына түскен затпен ұрып жібереді, мұндайға үлкен шыдам мен мықты денсаулық керек» десе, енді бір қолданушылар «Қарауға шамасы жетпесе, неге қамқорлыққа алады?», «Мұндай жағдай үшін жауапқа тарту керек», «Есім кем адамды байлауды қайдан білді?» деген сарындағы ойларын жазған. Сондай-ақ Құндыздың психикалық және физикалық жағдайы одан әрі нашарлауы мүмкін деген алаңдаушылық білдіргендер де аз емес.
Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары бұл іске бейжай қарамауға шақырып, Құндыз бен Назгүлдің қауіпсіздігі мен болашағына қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді талап етуде.