Logo
Іздеу
Айдарлар

ЕО Илон Масктың Grok чат-ботына қатысты тергеуді бастады

/
ЕО Илон Масктың Grok чат-ботына қатысты тергеуді бастады
Сурет: habr.com

Еурокомиссия американдық миллиардер Илон Масктың xAI компаниясы әзірлеген Grok чат-ботына қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Бұған жүйенің әйелдер мен балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы бейнелерді жасауға қабілетті екендігі туралы ақпарат себеп болған. Бұл Еуропалық Одақтың қолданыстағы нормаларын бұзуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Реттеуші органдар әзірлеушілердің контентті модерациялау, кәмелетке толмағандарды қорғау және заңсыз материалдардың таралуын болдырмау талаптарын қаншалықты сақтайтынын тексеріп жатыр.

«Әйелдер мен балалардың келісімінсіз жасалған сексуалдық дипфейктер — бұл адам намысын қорлайтын қатыгез әрі қабылданбайтын әрекет», — деді ЕО-ның технологиялар жөніндегі директоры Хенна Вирккунен.

Тексеру Цифрлық қызметтер туралы акт (DSA) аясында жүргізілуде. Бұл заң ірі онлайн-платформаларды зиянды контентке байланысты тәуекелдерді азайтуға және алгоритмдер жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге міндеттейді. Егер бұзушылықтар анықталса, компанияға қомақты айыппұл салынуы немесе реттеушілер тарапынан қосымша талаптар қойылуы мүмкін.

xAI өкілдері әзірге тергеу барысына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Еуроодақ бұл тексерудің мақсаты технологияға тыйым салу емес, оның қауіпсіз әрі жауапты қолданылуын қамтамасыз ету екенін баса айтты.