Logo
Іздеу
Айдарлар

Ресей Сириядағы әскерін шығарып жатыр

/
Ресей Сириядағы әскерін шығарып жатыр
Сурет: ашық дереккөзден

Ресей Сирияның солтүстік-шығысындағы Эль-Қамышлы әуежайынан өз әскерилерін әкетіп жатыр. Бұл Дамаскідегі үкіметтің соңғы жылдары жергілікті күрд күштерінің бақылауында болған аумақтарды өз қарамағына алу әрекеттерімен байланысты. Ресейлік әскерилердің нысанды тастап шығып жатқаны туралы Reuters агенттігі бес бірдей дереккөзге сілтеме жасап хабарлады, сондай-ақ бұл ақпаратты араб БАҚ-тары да растап отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ресей әскерилері Эль-Қамышлыда 2019 жылдан бері орналасқан болатын. Ондағы контингенттің саны елдегі басқа екі ірі ресейлік база — Тартус пен Хмеймиммен салыстырғанда айтарлықтай аз болғаны атап өтіледі. Дереккөздердің мәліметінше, соңғы екі күнде Ресейдің әскери техникасы мен ауыр қару-жарағы Хмеймим базасына қайта бағытталуда. Қамышлыда болған әскерилердің бір бөлігі Хмеймимде қалады, ал қалғандары отанына қайтарылады деп болжануда.

Ресей Қорғаныс министрлігі бұл хабарламаларға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. 26 қаңтардағы жағдай бойынша, әуежайда Ресей тулары әлі де желбіреп тұрды. Алайда, Reuters дереккөзі Сирияның жаңа билігі Ресейден базаны босатуды сұрағанын алға тартады.

Ресей Сириядағы азаматтық соғыста Башар Асад режимін қолдаған болатын. 2024 жылдың желтоқсанында ол биліктен тайдырылғаннан кейін де Ресейдің елдегі әскери қатысуы сақталып қалды. Мәскеу Ахмед аш-Шараа бастаған елдің жаңа басшылығын мойындады, ал аш-Шараа 2025 жылы Мәскеуге ресми сапармен барып қайтты.

Соңғы апталардағы бірқатар қақтығыстардан кейін күрдтердің «Сириялық демократиялық күштері» Дамаскідегі үкіметпен келісімге келуге мәжбүр болды. Уағдаластық бойынша, орталық үкімет Сирияның солтүстік-шығысын біртіндеп өз бақылауына алады. Оның есесіне жергілікті халықтың құқықтарын сақтауға кепілдік беріліп, күрд әкімшілігі мен қарулы топтары мемлекеттік құрылымдарға біріктірілмек.