Logo
Іздеу
Айдарлар

Сарбаздардың өміріне қорған бола алмай отырған Қорғаныс министрлігі Қазақстанды қорғай ала ма?

/
Сарбаздардың өміріне қорған бола алмай отырған Қорғаныс министрлігі Қазақстанды қорғай ала ма?
Сурет: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы жыл басынан бері Қарулы Күштерде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына және жақындарына көңіл айтып, бір қатар қызметкердің жұмысынан айырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сондай-ақ Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданғаны айтылды. Онда тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілгені, қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылғаны айтылған.

«Әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізілуде. Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылды. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды», - делінген ведомствоның мәлімдемесінде.

Оған қоса орын алған барлық оқиғалар бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданған. 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды», - делінген мәлімдемеде.

Әскердегі сарбаздар өлімінің жиілеп кетуіне көпшілік наразылық білдіруде. Белгілі экономист Расул Рысмәмбетов түпкілікті мәселені шешуге көңіл бөлуге шақырады.

«Тағы бір сарбаз мерзімді қызмет кезінде қаза тапты (әлде өлтірілді ме?). Жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бізге сыртқы жаудың қажеті де жоқ — бізде Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және басқалары «жаудың міндетін» өздері-ақ атқарып отыр. Егер сен мәселені шешудің бір бөлігі болмасаң — демек, сен сол мәселенің бір бөлігісің», - деп жазды ол Фейсбуктегі парақшасына.