Logo
Іздеу
Айдарлар

«Уақыт өтіп барады»: Трамп Иранға жаңа соққылар жасайтынын айтып сес көрсетті

/
«Уақыт өтіп барады»: Трамп Иранға жаңа соққылар жасайтынын айтып сес көрсетті
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп егер Тегеран ядролық келісім жасасудан бас тартса, Иранға соққы беретінін айтып сес көрсетті. Иран билігі келіссөздерге дайын екенін, бірақ кез келген агрессияға жауап қайтаратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Трамп бұған дейін де Иранға бірнеше рет қабат-қабат ескерту жасаған. БАҚ өкілдерінің жазуынша, қазір ол соққы берудің түрлі нұсқаларын қарастырып жатыр, бірақ әзірге түпкілікті шешім қабылдаған жоқ.

«Иран тез арада келіссөз үстеліне отырып, ешқандай ядролық қарусыз, барлық тарапқа тиімді болатын әділ әрі тең құқылы келісімге келеді деп үміттенемін. Уақыт таяп қалды», — деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы өзінің алғашқы президенттік мерзімінде Трамп Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімнен шығып, елге қарсы санкциялар енгізген болатын.

Сәрсенбі күні Трамп Иранға қарай «жойқын армада» жақындап келе жатқанын қосты: «Бұл — Венесуэлаға жіберілгеннен де ірі флот, оны ұлы „Авраам Линкольн“ авианосеці бастап келе жатыр».

Парсы шығанағы аймағына, Иран жағалауына шынымен де АҚШ-тың авианосец тобы жетті. Трамптың қоқан-лоққысының қаншалықты шындыққа жанасатыны әзірге белгісіз, бірақ әскери сарапшылардың пікірінше, соққы беруге қажетті күш жинақталған.

АҚШ өткен жылдың маусым айында Иран мен Израиль арасындағы 12 күндік соғыс кезінде Иранның ядролық нысандарына соққы берген еді. Сол кезде Трамп Иранның ядролық бағдарламасы жойылды деп мәлімдеген.

Қаңтар айында Иранда ауқымды үкіметке қарсы наразылықтар өтті. Трамп алғашында наразылықты күшпен басуға жауап ретінде әскери күш қолданатынын айтып, кейін райынан қайтқан еді. Бұл жолы ол наразылықтар туралы тіс жармады, дегенмен осыдан үш апта бұрын шерушілерді күресті тоқтатпауға шақырып, «көмек жолда келе жатыр» деп сендірген болатын.