Logo
Іздеу
Айдарлар

Сарапшылар су тапшылығының Қазақстан мен Орталық Азияға әсері туралы айтты

/
Сарапшылар су тапшылығының Қазақстан мен Орталық Азияға әсері туралы айтты
Сурет: pexels

Бүгін өткен сарапшылық талқылау барысында климаттың өзгеруі және су тапшылығының Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға тигізетін әсері туралы айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.

«Бүгінде біз өте үлкен мәселе — су тапшылығы алдында тұрмыз. Бұл тек ауыл шаруашылығына ғана қатысты немесе оқшауланған мәселе болудан баяғыда қалған. Қазір бұл — орасан зор экономикалық, әлеуметтік және геосаяси салдары бар түйткіл. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, бүгінде Орталық Азия халқының үштен бір бөлігі таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр», — деді Саяси-экономикалық талдау орталығының жетекшісі, сарапшы Рахымбек Әбдірахманов.

Жиын барысында Қазақстанның су тапшылығы ең жоғары әлемдегі топ-30 елдің қатарына кіретіні айтылды. Еліміз жаңартылатын су ресурстарын тұтынудың қауіпсіз нормасынан 14%-ға асып кеткен. Ауыл шаруашылығында қолданылатын судың тек жартысы ғана егістікке жетеді.

Сондай-ақ, Тянь-Шань мұздықтары соңғы 50 жылда массасының 27%-ын, ал ауданының 18%-ын жоғалтқаны жарияланды.

«Бүгінде көпшілік бар кінәні климатқа жабуға бейім. Жалпы алғанда, біз табиғи ресурстарды, әсіресе суды, жерді және энергияны пайдаланудың қауіпсіз шегінен өте жылдам шығып бара жатырмыз», — деді халықаралық сарапшы, Орталық Азия су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі платформаның үйлестірушісі Болат Есекин.

Оның баяндамасына сүйенсек, Арал қасіреті — суды шектен тыс алудың, жерді жаппай жыртудың және табиғи процестерді бұзудың салдары.

Сарапшының мәліметінше, Орталық Азия елдерінде су тұтыну деңгейі әлі де жоғары — бұл табиғаттың мүмкіндіктерінен әлдеқайда асып түседі. 2013 жылдың өзінде сарапшылар өңір елдерінің су тапшылығына қарай қарқынды жылжып бара жатқанын ескерткен. Mc Kinsey болжамы бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстандағы қолжетімді әрі тұрақты суға деген қажеттілік тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, 2045 жылға қарай Балқаш көлі өзінің су қорының 86%-ын жоғалту қаупі бар.

Талқылау аясында мамандар Қазақстандағы су тапшылығына әсер ететін факторларды, оның ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына тигізетін қауіптерін, климаттың өзгеруін, трансшекаралық су ресурстарына тәуелділікті және суды тиімді басқару мәселелерін талқылады.

Бұл пікірталас MediaNet халықаралық журналистика орталығымен «Экономикалық даму үшін тиімді басқару» бағдарламасы аясында, Даму саясаты институтымен ынтымақтастықта және Ұлыбритания үкіметінің қаржылық қолдауымен дайындалған.