Logo
Іздеу
Айдарлар

Павлодардың спорт мектептеріндегі былық: Миллиондар қайда кетті?

/
Павлодардың спорт мектептеріндегі былық: Миллиондар қайда кетті?
Сурет: pexels

Павлодар өңірінің спорт саласы жетістіктерімен емес, прокуратура әшкерелеген шулы фактілермен назарға ілігіп отыр. Өңірдегі стадиондар мен спорт мектептерін тексеру нәтижесі саланың іштен іріп жатқанын, ал бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуы үйреншікті жағдайға айналғанын көрсетті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Прокуратура жүргізген тексеру кезінде анықталған ең сорақы фактінің бірі – мемлекеттік мүліктің тегін таратылуы. Мәселен, Павлодар қаласындағы хоккей корты үш жыл бойы жеке тұлғалардың иелігінде болып, коммерциялық мақсатта пайдаланылған. Ең қызығы, бұл нысанның жарығы мен жылуы, яғни барлық коммуналдық шығындары халықтың салығы есебінен, бюджеттен төленіп отырған. Бұл – мемлекет мүлкін жеке қалтаның қамына айналдырудың айқын мысалы.

Спорт мектептеріндегі қаржылық былықтар 10 миллион теңгеден асып жығылады. Оның ішінде бір ғана аудандық спорт мектебінің бухгалтері «өзіне-өзі сыйақы тағайындау» әдісімен 6 млн теңгені заңсыз иемденген.

Бұдан бөлек, «қағаз жүзіндегі» спорттық шаралардың да жыры бітер емес. Спортшыларды іс жүзінде жоқ қонақүйлерге «орналастыру» арқылы 2,8 млн теңге қолды болған. Бұл – балалар мен жасөспірімдердің дамуына жұмсалуы тиіс қаржының шенеуніктер мен жауапты тұлғалардың жемсауында кеткенін білдіреді.

Қаржылық заңсыздықтардан бөлек, кадр мәселесі де жаға ұстатарлық. Тексеріс барысында жалған дипломы бар жаттықтырушылардың бала оқытып келгені анықталған. Ең сорақысы, бұрын халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыс жасаған адамдардың спорт мекемелерінде қызмет еткені анықталды.

Болашақ чемпиондарды тәрбиелейді деген мамандардың моральдық бейнесі мен кәсіби біліктілігі үлкен сұрақ туғызады.

«Тексеру нәтижелері спорт нысандарының басым бөлігінің тозған күйде екенін көрсетті: трибуналардың қирауы, шатырлардың ағуы, мүгедектігі бар адамдарға жағдайдың болмауы, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмеуі. Аталған барлық заң бұзушылықтар бойынша оларды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында қадағалау актілері енгізілді», - деп мәлімдеді облыстық прокуратура.