Logo
Іздеу
Айдарлар

"Көп сынақты бастан өткердің": Жаңаөзенде қаза тапқан дәрігердің қарындасы жан сырын ақтарды (ВИДЕО)

/
"Көп сынақты бастан өткердің": Жаңаөзенде қаза тапқан дәрігердің қарындасы жан сырын ақтарды (ВИДЕО)
Arasha.kz коллажы

Жаңаөзен қаласында қайтыс болған дәрігер Нұрдәулет Аманғалиевтің өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Марқұмды күдікті 21 жерінен пышақтаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның қарындасы Меруерт Жамбылқызы жүрек тебірентерлік жазба қалдырған.

"Тым көп сынақты бастан өткіздің, қарап отырсам той да көрмепсің. Сондағы ақкөңіл жүрегіңнің бәріне деген көмегіңнен босамадың-ау… Бірге қыдырып үлгермедік. Өзіңді кішкене болсын ойламадың ғой. Балам, отбасым деп жүріп, сондай зұлымдарға тап болғаның-ай! Сенің мейіріміңді пайдаланып істеп отырған істерін ешқашан кешірмейміз! Барлығын! Қош бол ағам, жаның жәннатта болсын", – деп жазды қарындасы.

Марқұмның туыстары бұл қылмыстың оның кәсіби қызметіне еш қатысы жоқ екенін айтады. Олардың сөзінше, күдіктінің әйелі ауруханада медбике болып жұмыс істейді, ал қанды оқиға қызғаныштан туған тұрмыстық жанжалдың салдары болуы мүмкін.

Марқұмның анасы да қайғысын жасыра алмады:

"21 жерінен пышақтаған. Сау адам солай істей ме? Адам итке де олай жасамайтын шығар. Отырған орнына барып, пышақтап… Бір адам көрмеген бе сонда?" – дейді ол.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, дәрігердің мойын, кеуде және қол тұсынан ауыр жарақат алған, ірі қан тамырлары зақымдалып, көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер шұғыл операция жасағанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Нұрдәулет Аманғалиев небәрі 29 жаста болған. Артында бір ұл, бір қызы қалды.