Чикаго прокурорлары медициналық сақтандыру саласында ауқымды алаяқтық схемасын ұйымдастырған бірнеше шетелдікке, соның ішінде Қазақстан азаматтарына айып тақты. Тергеу мәліметінше, келтірілген жалпы шығын 1 миллиард доллардан асады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазақстан азаматы Ануар Абдрахманов АҚШ-тағы Medicare мемлекеттік бағдарламасынан ақша жымқыру және оны заңдастыру бойынша күдікке ілінді.
Ол «Priority One Medical Equipment» компаниясын басқарып, медициналық жабдықтар (глюкоза мониторлары, катетерлер) үшін жалған өтінімдер берген.
2024 жылдың наурызы мен тамызы аралығында компания 666 миллион долларға жалған шоттар ұсынған.
Іс жүзінде компания кеңсесі бос болған. Клиенттер ешқандай тауар алмағанын, тіпті кейбіріне өздерінде жоқ «қант диабеті» диагнозы тіркелгенін айтып шағымданған. Ақшаның бір бөлігі шетелге, атап айтқанда Гонконгқа аударылған.
Екінші айыпталушы — Чикаго маңында тұрған Қазақстан азаматы Тайыр Смағұл.
Ол «Medical Home Care Inc.» компаниясы арқылы пациенттерге қажет емес немесе мүлдем жеткізілмеген жабдықтар үшін шоттар ұсынған.
Бір жыл ішінде компания 953 миллион долларға 470 мыңға жуық жалған өтінім берген. Бұл бойынша клиенттерден 27 мыңнан астам шағым түскен.
Дәрігерлер бұл пациенттерге ешқандай рецепт жазбағанын растаған. Смағұл қаражатты банкоматтар арқылы қолма-қол шығарып, жеке шотына аударып отырған.
АҚШ билігі бұл істі соңғы жылдардағы медициналық сақтандыру саласындағы ең ірі алаяқтықтардың бірі деп атап отыр. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Федералды билік тергеуді жалғастыруда.