Астанадағы әуежайда екі елдің – Қазақстан мен Германияның паспорттарын ұстаған бес адамнан тұратын отбасы ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана халықаралық әуежайында Астана – Франкфурт рейсіне тіркеу кезінде желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының азаматтығы бар бес адамнан тұратын отбасын анықтаған.
«Азаматтық туралы заңнаманы бұзу фактісі бойынша олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушылар кінәлі деп танылып, әрқайсысына 302 750 теңге көлемінде айыппұл салынды», – деп хабарлады ведомство.
Қаңтар айында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 193 шетел азаматы анықталып, жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 61 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Сонымен қатар қос азаматтығы бар 23 адам анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды.
«Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа тыйым салынған. Бұл үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе әкімшілік жолмен елден шығару қарастырылған. Сондай-ақ бұл Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуға негіз болады», – делінген Көліктегі полиция департаментінің хабарламасында.