Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақстандық арнайы жасақтар UAE SWAT Challenge турнирінде сенсациялық бастама жасады

/
Қазақстандық арнайы жасақтар UAE SWAT Challenge турнирінде сенсациялық бастама жасады

Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің алғашқы күнін айқын жеңіспен аяқтады. Дубай қаласында (Біріккен Араб Әмірліктері) өтіп жатқан беделді сайысқа әлемнің 48 мемлекетінен 109 арнайы жасақ командасы қатысуда.

Ауқымды халықаралық бәсекеде Қазақстан намысын қорғаған төрт команда да үздік ондықтың қатарына еніп, жоғары нәтиже көрсетті. Турнир кестесінде Kazakhstan C командасы бірінші орынға жайғасса, Kazakhstan D екінші орында келеді. Kazakhstan B төртінші орынға тұрақтап, Kazakhstan A үздік ондықты түйіндеп, 10-орыннан көрінді.

Айрықша атап өтерлік жетістік – Tomiris қыздар командасының нәтижесі. Олар жалпы есепте 20-орынға ие болып, бұл көрсеткіш әйелдер командалары арасындағы ең үздік нәтиже ретінде тіркелді.

Қазақстандық командалар құрамына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің ең таңдаулы жауынгерлері бір ту астына біріктірілген.

Бес күнге созылатын тартысты турнир 11 ақпанда өз мәресіне жетеді. Алда әлі бірнеше күрделі кезең бар. Дегенмен алғашқы күннің нәтижесі Қазақстан құрамаларының жеңіс жолындағы әлеуетін айқын көрсетіп отыр.