Америкалық кәсіпкер Илон Маск SpaceX компаниясының Ай мен Марста қалалар тұрғызатынын мәлімдеді және бұл жақын онжылдықтарда жүзеге асуы мүмкін. Миллиардер компания жоспарлары туралы өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«SpaceX қазірдің өзінде назарын Айда өзін-өзі қамтамасыз ететін қала салуға аударды, өйткені бұл мүмкіндікке 10 жылдан аз уақыт ішінде қол жеткізуге болады. Ал Марста мұндай қала тұрғызу үшін 20 жылдан астам уақыт қажет», — деп мәлімдеді Маск.
Ол өз компаниясының басты миссиясын — сана мен өмірді біз білетін кейпінде жұлдыздарға дейін тарату деп атап өтті.
Масктың айтуынша, SpaceX сонымен қатар Марста қала салуға ұмтылады және бұл жұмысты шамамен 5-7 жылдан кейін бастайды.
«Бірақ басты міндет — өркениеттің болашағын қамтамасыз ету, ал Ай — бұған жетудің ең жылдам жолы», — деді ол.
Сондай-ақ, ол Айға зымырандарды әр он күн сайын ұшыруға болатынын және жолдың бар болғаны екі күн алатынын, бұл қала құрылысын тездетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Салыстырмалы түрде алсақ, Марсқа ұшу тек планеталар бір сызыққа тізілгенде, яғни әр 26 ай сайын ғана мүмкін болады және жол уақыты алты айды құрайды.
Жақында ғана Маск SpaceX-тің мақсаты — басқа жұлдыздық жүйелерге саяхаттау және өзге планеталықтарды кездестіру екенін айтқан болатын. Ол «Жұлдызды жол» (Star Trek) сериалында көрген дүниелерін шындыққа айналдыруды армандайтынын мойындады.