Таразда жан түршігерлік оқиға болды. Әйел бесінші қабаттың терезесінен өзінің екі кішкентай баласын лақтырып жіберген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жамбыл облысы полициясының мәліметінше, күдікті анықталып, ұсталған және тергеу изоляторына қамалған.
«Қазір барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша заңға сәйкес шешім қабылданады», — деп хабарлады ПД.
Балалар ауруханаға жеткізілді. Сәбилердің жағдайы ауыр.
«2021 жылы туған бала ауыр жарақат алған, оның ішінде сан сүйегінің жабық сынуы және миының қатты ісінуі бар. Оған КТ жасалды, ісінуге қарсы терапия жүргізілді, ертең сан сүйегіне ота жасау жоспарланып отыр. 2023 жылы туған балада да миының ауыр жарақаттары бар. Оған ісінуге қарсы терапия жүргізілді», — деп түсіндірді Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасында.
Дәрігерлер балаларға қажетті медициналық көмектің барлығын көрсетіп жатыр.