Logo
Іздеу
Айдарлар

Семей мен ШҚО әкімдіктері 80 млн теңге үшін соттасты

/
Семей мен ШҚО әкімдіктері 80 млн теңге үшін соттасты
Сурет: Рixabay

Абай облыстық сотының 2026 жылғы 9 ақпандағы мәліметінше, Семей қаласының әкімдігі мен жергілікті ТҮКШ кәсіпорны (Көпсалалы пайдалану кәсіпорны) Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне 80 млн теңге төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Arasha.kz.

2021 жылы ШҚО және Семей әкімдіктері Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) Семейдегі қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді жаңғырту жобасы бойынша келісім жасасқан. Жоба аясында банк кәсіпорынға 3,83 млрд теңге несие бөлген.

2022 жылы Абай облысының бөлініп шығуына байланысты Семей әкімдігі міндеттемелерді тоқтатуды сұраған. ЕҚДБ келісімді бұзып, 120,9 млн теңге қарызды қайтаруды талап етті.

ШҚО әкімдігі банкпен серіктестікті сақтап қалу үшін бұл қарызды өз бюджетінен өтеп, кейін ақшаны Семей билігінен өндіріп алу үшін сотқа жүгінген.

Семей әкімдігі «жоба іске асқан жоқ, несие шартына қатысымыз жоқ» деп айыпты мойындамағанымен, сот келісімшарт бойынша барлық тараптардың жауапкершілігі ортақ екенін анықтады.

Нәтижесінде сот Семей қаласының әкімдігі мен ТҮКШ кәсіпорнының әрқайсысынан 40 млн теңгеден (жалпы 80 млн теңге) өндіру туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.