Нұрлан Сабуровқа Ресейге кіруге тыйым салынуының жаңа мән-жайлары белгілі болды. Дереккөздерге сүйенген "Важные истории" басылымының жазуынша, ресейлік арнайы қызмет өкілдері әзілкештің алдына қатаң талап қойған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәліметке сәйкес, Сабуровты бірнеше рет Мәскеудегі Лубянкада орналасқан Федералдық қауіпсіздік қызметінің ғимаратына шақырып, өзара «ынтымақтастық» орнатуды ұсынған. Алайда ол бұл ұсынысқа нақты келісім де бермей, үзілді-кесілді бас тартпай, бейтарап ұстанымда қалған. Осы жағдай арнайы қызмет өкілдерінің наразылығын тудырған көрінеді.
Бұдан кейін Сабуров Ресейде тұрақты тұруға рұқсат алу үшін үш мәрте өтініш бергенімен, барлығы кері қайтарылған. Соңғы рет 2025 жылы шақырылғанда оған екі таңдау ұсынылған: бір жылға әскерге бару немесе елден біржола кету.
Осыдан соң әзілкеш өзіне тағылған күдікті сейілту үшін Ресей армиясына 10 «эндуро» мотоциклін жіберіп, «Барлығы жеңіс үшін» қорына шамамен 10 млн теңге (2 млн рубль) көлемінде қаржы аударғаны айтылады. Алайда бұл әрекеттер де жағдайды өзгертуге әсер етпеген. Нәтижесінде өткен жылы оның Ресейдің бірқатар қалаларында, соның ішінде Рязань, Омбы, Екатеринбург пен Тюменьде өтуі тиіс концерттері тоқтатылған.
Еске сала кетейік, жуырда Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынғаны хабарланған еді. Кейбір БАҚ мәліметінше, бұған оның Ресейде тапқан табысын делдалдар арқылы заңдастыруға талпынысы себеп болуы мүмкін.
Өзі бұл жағдайға қатысты нақты пікір білдірмегенімен, бұған дейін «әртіс ретінде қалыптасуына мүмкіндік берген Ресейге» алғыс айтқан болатын.