Logo
Іздеу
Айдарлар

Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді — Тоқаев

/
Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді — Тоқаев
Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы бүгінгі кеңейтілген Үкімет отырысында салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік пен өзара сенім қағидаты орнату жайлы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz. 

«Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын.

Бұл жөнінде жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді», —деді президент. 

Мемлекет басшысы сондай-ақ банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс екенін жеткізді. 

«Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискальдық деректер фабрикасына» айналу міндеті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы – осы. 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет,—деді Тоқаев. 

Сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейтуді тапсырды. Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек. 

«Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр», — деді президент.