Қолданыстағы Конституцияны ешкім құнсыздандырмақ емес. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол Ата заңның соңғы 30 жылда ел дамуында шешуші рөл атқарғанын және бұған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлес қосқанын атап өтті.
«Дегенмен, Конституция еліміз енді ғана аяғынан тік тұра бастаған кезде қабылданғанын және Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын жылдарының таңбасы бар екенін ескеруіміз керек. Содан бері қоғамымыз айтарлықтай өзгерді. Барлық пессимистік болжамдарға қарамастан, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекет ретінде қалыптасты», - деді ол.
Оның айтуынша, жаһандық геосаяси және технологиялық өзгерістер, сондай-ақ соңғы жылдардағы ішкі дүрбелеңдер аясында Қазақстан үшін өз мақсаттарын, құндылықтары мен принциптерін жаңартып, оларды конституциялық деңгейде бекіту маңызды.