Петропавлда 11-сынып оқушысы мектепке тапаншамен келіп, өзінен кіші оқушыларға «көрініс» көрсеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бір рет оқ атылған, бірақ ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл оқиғада барлығының, соның ішінде «қойылым» авторының да жолы болды, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.
Полиция департаменті қарудың пневматикалық екенін және оқ ататын қару санатына жатпайтынын хабарлады. Дегенмен, оқ біреуге тиген жағдайда зардап шегетіні әбден мүмкін еді.
— Тексеру қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған жасөспірім ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның заңды өкілі бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Білім беру органдарының мекенжайына оқиғаға ықпал еткен себептерді жою бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізілді, — деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тексеру жүріп жатыр. Оның нәтижесінде мектеп басшылығы мен оқушылардың қауіпсіздігіне жауапты күзетшілердің іс-әрекетіне баға беріледі.
Өткен жылдың күзінде дәл осы мектептің оқушыларының бірі оқу орнына бұрыш баллонын әкеліп, оны шашып жіберген. Ол кезде бұл жағдай БАҚ беттерінде жарияланбаған. Бірақ тапаншамен болған оқиғадан кейін мектеп басшылығы мен күзет агенттігі жауапкершіліктен құтыла алмайтын сияқты.
Бұған қоса, бухгалтерияға қатысты да қызықты жайт бар.
«Бір жылдан астам уақыт бұрын мектеп бухгалтері жұмысқа мас күйінде келіп, дәлізде шылым шеккені және өзін алып кетпек болған полицияға қарсылық көрсеткені үшін тәртіп сақшыларының назарына іліккен. Ол кезде бухгалтер үш бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мектеп басшылығы құқық бұзушыны жұмыстан шығаруға уәде бергенімен, кейінірек «құнды қызметкердің» орнында қалғаны белгілі болды», - деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.