Logo
Іздеу
Айдарлар

Ресейде Telegram-ды шектей бастады

/
Ресейде Telegram-ды шектей бастады
Сурет: ашық дереккөзден

Павел Дуров Ресейдегі Telegram жұмысының баяулауына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Ресей өз азаматтарын аңду мен саяси цензура үшін жасалған, мемлекет бақылауындағы қолданбаға өтуге мәжбүрлеу мақсатында Telegram-ға қолжетімділікті шектеп жатыр», — деп жазды мессенджер негізін қалаушы.

Дуров Ресей билігінің бұл әрекетін осыдан сегіз жыл бұрын Иранда Telegram-ға тыйым салынған кездегі жағдаймен салыстырды.

«Тыйым салынғанына қарамастан, ирандықтардың көпшілігі әлі күнге дейін Telegram-ды (цензураны айналып өтіп) пайдаланады және оны тыңдалатын қолданбалардан артық көреді. Азаматтардың бостандығын шектеу ешқашан дұрыс шешім болған емес», — деп атап өтті ол.

Сейсенбі күні РБК басылымы өз дереккөзіне сілтеме жасап, Ресей билігі Telegram жұмысын баяулату туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Роскомнадзор болса, мессенджер «Ресей заңнамасын әлі күнге дейін орындамай отырғандықтан», ведомство «жүйелі түрде шектеулер енгізуді» жалғастыратынын мәлімдеді.

Ресейлік қолданушылар тарапынан сервистің жұмысындағы іркілістер туралы шағымдар өткен жаз айларында-ақ пайда бола бастаған, ал 8 ақпанда қолданбаны бұғаттаудың жаңа толқыны басталды.