Қазақстанның бұрынғы бірінші ханымы Сара Назарбаева миокард инфарктісінің ауыр түрін өткерді, деп хабарлады бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай.
«Сара Назарбаева 2025 жылдың сәуір айынан бастап Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем алды. Осы кезеңде ол миокард инфарктісінің ауыр түріне шалдықты. Дәрігерлер ұзақ уақытқа созылған және ауыр өткен қант диабеті, сондай-ақ үдемелі созылмалы бүйрек жетіспеушілігі аясында жүректің ишемиялық ауруын, жүрек және өкпе жетіспеушілігін анықтады. Ұзақ уақыт бойы С. Назарбаева өкпені жасанды желдету (ИВЛ) және жасанды бүйрек аппараттарында болды. Жағдайының тұрақталуына байланысты үстіміздегі жылдың қаңтар айында ол стационардан шығарылды. Қазіргі уақытта Сара Алпысқызы Алматы қаласында, үй жағдайында дәрігерлердің бақылауында», - деп хабарлады Үкібай сәрсенбіде.