Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Гүлайым Рахмоноваға қатысты жол-көлік оқиғасы бойынша істі өндіріске қабылдап, алдын ала тыңдау күнін белгіледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қылмыстық іс сотқа жолданған. Сот хабарламасына сәйкес, Рахмонова ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша айыпталуда.
"Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісіне Рахмонова Гүлайым Сәрсенбекқызына қатысты қылмыстық іс қабылдансын. Іс бойынша алдын ала сот отырысы 2026 жылғы 16 ақпанда сағат 15:00-де өтеді", – делінген сот хабарламасында.
Іс жүргізу қазақ тілінде өтеді. Сондай-ақ сот айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы – елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат өзгеріссіз қалдырылғанын мәлімдеді. Сот отырысына айыпталушы мен жәбірленушілер шақырылады.
Гүлайым Рахмонова – танымал қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы.
Жол апатынан кейін, 2025 жылдың тамызында полиция Гүлайым Рахмонованы қорғау құқығы бар куә ретінде жауап алғанын хабарлаған. Ол кезде тергеу жалғасып жатқаны айтылған. Кейін 2025 жылдың қарашасында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов істің ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеген.
Алайда 2026 жылғы 29 қаңтарда іс сотқа 345-баптың 4-бөлігі бойынша жолданғаны белгілі болды. Бұл – жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай.
Аталған бап бойынша санкция:
- 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- белгілі бір лауазымды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейін айыруды қарастырады.
Прокуратура соңғы шешімді сот барлық мән-жайды ескере отырып шығаратынын атап өтті.
Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы 2025 жылғы 27 шілдеде болған. Полиция мәліметінше, Алматы – Екатеринбург республикалық автожолының 299-шақырымында Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі басқаруды игере алмай, көлік аударылған.
Апат салдарынан екі әйел қаза тапқан. Гүлайым Рахмонова мен ұлы ауруханаға жеткізіліп, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған.