Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

Қазақстандық таеквондошы Батырхан Төлеуғали Гран-при финалында күміс медаль жеңіп алды

Қазақстандық таеквондошы Батырхан Төлеуғали Гран-при финалында күміс медаль жеңіп алды
Батырхан Төлеуғали. Фото: Сали Сабиров

Қазақстандық таеквондошы Батырхан Төлеуғали Астанада өтіп жатқан Гран-при турнирінің финалдық кезеңінде күміс жүлдеге ие болды. 20 жастағы спортшы шешуші кездесуге дейін үш қарсыласын жеңіп, Қазақстан таеквондосының жеті жылдан бергі нәтижесін қайталады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Батырхан Төлеуғали 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қазақстандық спортшы финалға жету жолында Бразилия, Ресей және Грузия өкілдерін жеңіп, алтын медаль үшін таласуға мүмкіндік алды.

Шешуші жекпе-жекте Батырхан Төлеуғали Иран құрамасының өкілі Радин Зейналимен кездесті. Тартысты бәсекеде ирандық таеквондошы басым түсіп, қазақстандық спортшы күміс медальды қанағат тұтты. Соған қарамастан, бұл нәтиже Қазақстан құрамасы үшін маңызды жетістік саналады. Себебі еліміздің таеквондошылары соңғы жеті жылда Гран-при сериясының финалдық жекпе-жегіне шыға алмаған еді.

Бұған дейін 2019 жылы Руслан Жапаров Гран-при жарысында күміс жүлдегер атанған болатын.

Астанадағы жарыстағы нәтижесі үшін Батырхан Төлеуғали 2028 жылғы Олимпиада ойындарының іріктеу рейтингіне 60 ұпай қосты. Келесі жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.

Айта кетейік, Батырхан Төлеуғали бұған дейін 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғаған. Енді спортшының басты мақсаттарының бірі – Лос-Анджелес Олимпиадасына жолдама алу үшін рейтингтегі орнын жақсарту.

28 қарашада Астанадағы Гран-при финалында Қазақстан құрамасының тағы екі өкілі бақ сынады. 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Рита Бакишева, ал 57 келіде Мария Севостьянова өнер көрсетті. Алайда екі спортшы да алғашқы жекпе-жектерінде жеңіліп, жарысты аяқтады.

29 қарашада Қазақстан атынан 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2026 жылғы Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес сынға түседі.