Швейцарияның Женева қаласында Украина, АҚШ және Ресей арасындағы үшжақты келіссөздердің жаңа кезеңі аяқталды. Бұл кездесу Ресейдің Украинаға жасаған кезекті ауқымды соққысы мен Дональд Трамптың «Киев тезірек келіссөз үстеліне отыруы керек» деген мәлімдемесі тұсында өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Женевадағы кездесу қарсаңында АҚШ президенті Дональд Трамп Киевке бағытталған талабын күшейтті. Ол: «Украина тезірек келіссөз үстеліне отырғаны жөн», — деп мәлімдеді.
«Үлкен келіссөздер күтіп тұр. Бұл өте оңай болады... Украинаның тезірек келіссөзге келгені дұрыс. Менің айтарым осы. Біз қазір олардың диалогқа келгенін қалайтын жағдайдамыз», — деді ол Air Force One бортында журналистерге берген сұхбатында.
Украина делегациясының басшысы, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров кездесуден кейін ортақ бөлімнің аяқталғанын, жұмыс бағыттар бойынша топтарда жалғасқанын хабарлады.
«Талқылаулар негізінен практикалық мәселелер мен шешімдердің тетіктеріне арналды. Бүгінгі таңда саяси және әскери блоктар өз жұмысын тәмамдады», — деп жазды ол Facebook парақшасында.
Сонымен қатар, Умеров америкалық серіктестерге «конструктивті өзара іс-қимыл мен жедел жұмыс істеуге дайындығы» үшін алғыс айтты.
Ертең таңертең саяси және әскери топтар жұмысын жалғастырады.
Ресей тарапы әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Дегенмен, Кремль бұл келіссөздерден үлкен серпіліс немесе маңызды жаңалықтар күтпеуге шақырған болатын. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Бүгін қандай да бір жаңалық болады деп ойламаймын», — деп, келіссөздердің сәрсенбіде де жалғасатынын айтты.
АҚШ-тың НАТО-дағы елшісі Мэтью Уитакердің айтуынша, Женевадағы кездесудің ең негізгі әрі қиын түйіні территория мәселесі. Дегенмен, дипломат келіссөздерді «егжей-тегжейлі әрі өте нәтижелі» деп бағалады.
«Бұл соғыс аяқталуы керек. Президент Трамп нақ айтқандай, қантөгіс тоқтауы тиіс. Бірақ бұл өте күрделі әрі шиеленіскен мәселелер. Барлығы Стив Уиткофф бірнеше апта бұрын айтқандай, бір ғана нәрсеге жер мәселесіне келіп тіреледі. Бұл ең қиын сәт болмақ», - деді Уитакер Fox News эфирінде.
Сондай-ақ, La Repubblica және Corriere della Sera басылымдарының хабарлауынша, Франция, Германия, Италия және Ұлыбритания да Женеваға өз өкілдерін жіберген. Бұл елдердің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері келіссөз барысын бақылап отыр және олар Украина мен АҚШ делегацияларымен кездесті.
Ресей делегациясының бір бөлігі мінген ұшақ Еуроодақтың әуе кеңістігінен өтпеу үшін бағытын өзгерткен. FlightRadar24 мәліметі бойынша, ресейлік лайнер Мәскеуден шығып, Женеваға Түркия, Жерорта теңізі және Италия арқылы айналып ұшқан.
Әдетте 3-4 сағатқа созылатын ұшу уақыты бұл жолы 9 сағаттан астам уақытты алды.