Logo
Іздеу
Айдарлар

2025 жылы адам саудасына қатысты 164 қылмыс тіркелген

/
2025 жылы адам саудасына қатысты 164 қылмыс тіркелген
Сурет: Рixabay

Еңбек министрлігінде Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2025 жылғы жұмыс қорытындысы қаралды, деп хабарлайды Arasha.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – ВАК) кезекті отырысы Министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өтті. Қатысушылар 2025 жылғы жұмысты қорытындылап, келесі отырыстың күн тәртібін белгіледі, сондай-ақ Комиссияға төрағалық етуді ҚР Ішкі істер министрлігіне беру рәсімін талқылады.

«Министрліктің төрағалық ету кезеңі 2024 жылғы шілдеде "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" арнайы Заңның қабылдануымен ерекшеленді. Бұл зардап шеккендердің құқықтарын қорғаудың жаңа архитектурасын құруға мүмкіндік берді. Адамға бағдарланған тәсіл – енді біздің басты назарымызда. Тек 2025 жылдың өзінде адам саудасының 171 құрбанына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Бүгін біз одан әрі ведомствоаралық жұмыс үшін берік іргетас қалай отырып, төрағалық ету эстафетасын ІІМ-дегі әріптестерімізге береміз», – деді Асқарбек Ертаев.

Санаттар бөлінісінде қызмет алушылар: 94 ер адам, 52 әйел және 25 бала. Қазақстан азаматтығына қарамастан азаматтарды қорғауды қамтамасыз ететіні ерекше атап өтілді – 93 шетелдік қолдау тапты. Зардап шеккендерге уақытша баспана, медициналық және психологиялық көмек, сондай-ақ жұмысқа орналасуға және құжаттарды қалпына келтіруге жәрдем көрсетілді.

Күштік құрылымдардың өкілдері қылмыстың жолын кесу шаралары туралы баяндады. ҚР ІІМ деректері бойынша, 2025 жылы адам саудасына қатысты 164 қылмыс тіркелген. «STOP трафик» операциясы аясында рейдтердің 4 кезеңі өткізілді. ҰҚК Шекара қызметі заңсыз көші-қонның 29 арнасының жолын кесті, ал Астана мен Алматы халықаралық әуежайларында шетелдік азаматтардың үш кәмелетке толмаған қазақстандықты заңсыз алып кетуіне жол берілмеді.

Кездесу соңында Асқарбек Ертаев ІІМ төрағалығымен пысықтау үшін хаттамаға енгізу ұсынылған бірқатар сыни мәселелерді белгіледі.

Атап айтқанда, ведомство басшысы әрбір құрбанның тағдырын қадағалау және келетін адамдарға мониторинг жүргізу үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін толық цифрландыру және интеграциялау қажеттігін көрсетті. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту мәселесі көтерілді: әкімдіктерге өңірлерде дағдарыс орталықтарын құру мен жабдықтауды бақылауға алу тапсырылды.

Министр балаларды қорғауға ерекше назар аударғанын айта кету керек. Асқарбек Ертаев кәмелетке толмаған азаматтарды шетелге (оның ішінде суррогат ана болу шеңберінде) алып кету әрекеттеріне байланысты тәуекелдерді егжей-тегжейлі талқылауға және қажет болған жағдайда заңнамаға қатаң түзетулер енгізуге шақырды.