Оңтүстік Кореяда сот бұрынғы президент Юн Сок Ёльді бүлік ұйымдастыруға әрекет жасады деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Прокуратура оған өлім жазасын сұраған болатын, деп хабарлайды Arasha.kz.
2024 жылдың желтоқсанында Юн Сок Ёль елде әскери жағдай енгізуге әрекеттенген. Бұл бастама сәтсіз аяқталып, кейін ол импичмент арқылы қызметінен шеттетіліп, қамауға алынған.
Судьяның айтуынша, экс-президенттің әрекеті Оңтүстік Корея демократиясына елеулі зиян келтіріп, конституциялық құрылымның негіздерін әлсіреткен. Ал Юн өз кезегінде әскери жағдай енгізу әрекетін "оппозициялық партияның заң бұзушылықтарына назар аудартуға бағытталған бейбіт қадам" деп түсіндірген. Алайда сот бұл уәжді қабылдамады.
Тергеу барысында әскери жағдай кезеңінде Юн бірнеше тұлғаны, соның ішінде оппозиция лидері Ли Чжэ Мёнді ұстауға бұйрық бергені анықталған. Қазіргі таңда Ли Чжэ Мён ел президенті қызметін атқарып отыр.
Юн Сок Ёль үкімге апелляция беруі мүмкін. Іс Жоғарғы сотқа дейін жетуі ықтимал.
Экс-президентпен бірге бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар да сотталды. Бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён 30 жылға, экс-барлау басшысы Ро Сан-вон 18 жылға, бұрынғы полиция басшысы Чо Джи Хо 12 жылға, Сеул полициясының экс-басшысы Ким Бон-сик 10 жылға, ал Ұлттық жиналыс қауіпсіздік бөлімінің бұрынғы командирі Мок Хён-тэ 3 жылға сотталды.
Екі айыпталушы – Қорғаныс министрлігі тергеу бюросының бұрынғы басшысы Ким Ён-гон мен полиция тергеу бөлімінің экс-қызметкері Юн Сын-ён кінәсіз деп танылды.
Бұған қоса, Юн Сок Ёль билікті асыра пайдаланды деп те айыпталды. Қаңтар айында ол қамауға алуға кедергі келтіргені үшін бес жылға сотталған еді. Сол кезде оның резиденциясы арнайы жасақтың күшімен алынды.
