Logo
Іздеу
Айдарлар

Алаяқтық жасады деген күдікті Түркиядан жеткізілді

/
Алаяқтық жасады деген күдікті Түркиядан жеткізілді
Сурет: Прокуратура

Түркиядан 100 млн теңгеге жуық алаяқтық жасады деген күдікті Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

«Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігінің көмегімен Анталья қаласынан бірнеше рет аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматын қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялады. Тергеу деректеріне сәйкес, 2019–2020 жылдары күдікті алдау жолымен Шымкент қаласының төрт тұрғынының ақшалай қаражаты мен жер телімдерін иемденіп, оларға жалпы сомасы шамамен 95 млн теңге көлемінде залал келтірген», – делінген дүйсенбі күнгі хабарламада.

Ведомствоның нақтылауынша, «жәбірленушілердің қаражатын иемденгеннен кейін заңда көзделген жауапкершіліктен жалтару мақсатында күдікті жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған».

«Кейін күдікті Түркия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Тағылған айыптар бойынша қылмыстық заңнамада мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – делінген хабарламада.