Ауғанстан билігінің хабарлауынша, Пәкістан армиясының Ауғанстан аумағына жасаған түнгі әуе соққыларының салдарынан ондаған адам, соның ішінде әйелдер мен балалар қаза тауып, жараланған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ауғанстандағы талибтердің Қорғаныс министрлігі соққылардың Нангархар және Пактика провинцияларындағы азаматтық аудандарға жасалғанын хабарлады. Министрлік бұл әрекетті «Ауғанстанның аумақтық тұтастығы мен халықаралық құқықты өрескел бұзу» деп айыптады.
Нангархар провинциясы билігінің өкілдері Би-би-си-ге берген сұхбатында соққылардың бірі Шахабуддин есімді азаматтың үйіне тигенін айтты. Салдарынан оның отбасының 20-ға жуық мүшесі, соның ішінде әйелдер мен балалар опат болған.
Исламабад бұл шабуылдардың пәкістан-ауған шекарасына жақын маңдағы содырлардың жеті лагері мен баспанасына бағытталғанын мәлімдеді.
Пәкістанның Ақпарат және телерадио хабарларын тарату министрлігі Х әлеуметтік желісінде соққылардың негізгі нысанасы тыйым салынған «Техрик-и-Талибан Пакистан» және «Ислам мемлекеті — Хорасан провинциясы» ұйымдарының мүшелері болғанын хабарлады.
Министрлік бұл операцияны Пәкістанда орын алған соңғы жанкештілік лаңкестік әрекеттерге қайтарылған «жазалаушы жауап» деп атады. Пәкістанның мәліметінше, сол терактілерді ұйымдастырған топтар Кабулдың панасында жасырынып жүр.