23 ақпан күні Ақтау қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенінде жаңа Конституцияны қолдауға арналған форум өтті. Ауқымды іс-шараға шамамен 4000 адам – қоғам өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, жастар және өңір тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Форумның хедлайнері – «МузАРТ» тобы. Олар танымал әндерін орындап, залдағы әр буын өкілдерін біріктіріп, бірлік пен патриоттық рухқа толы ерекше атмосфера жасады.
Іс-шара конституциялық реформалар, қоғамдық даму және азаматтық жауапкершілік мәселелеріне арналды.
Қазақстан Республикасының конституциялық реформа жөніндегі комиссиясының мүшесі, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстанның болашағы қоғамның белсенді азаматтық ұстанымына және жастардың мемлекетті дамытудағы рөліне тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Жастар – елдің қозғаушы күші әрі стратегиялық ресурсы. Болашақта қуатты, әділетті әрі өркендеген Қазақстанды құру – сіздердің қолдарыңызда. Конституциялық реформалар азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайтуға бағытталған, ал референдумға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі», – деп атап өтті Жаңбырбай Матаев.
Сондай-ақ Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Уайс Ерсайынұлы азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы мен қоғам бірлігінің маңыздылығын атап өтті.
Жастардың рөлі ерекше атап өтілді: Ақтау қаласындағы мектеп-гимназиясының педагогі Мадина Алиева және Yessenov University студенті, болашақ заңгер Бекзат Қадырбаев жаңа Конституцияның маңызы мен азаматтық белсенділік туралы ойларын бөлісті. Қатысушылар Ата заңның тең құқықтарды, білім алу мен кәсіби дамуға және ел өміріне қатысуға кең мүмкіндіктер беретінін атап өтті.
Форум М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздарының концертімен жалғасты. Атап айтқанда, Аида Байгелова, Асқар Көшеров, Асанәлі Көшеров, Нар-ұлт тобы, Ақмарал Арғынқызы және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті. Кештің ең әсерлі сәтінің бірі – залдағы көрермендермен бірге орындалған «Өз елім» әні болды.
Форум қатысушылары жаңа Конституцияны толық қолдап, әрбір азаматтың ел тағдырына үлес қосу маңыздылығын атап өтті. Іс-шара бірлік, ұйымшылдық және ел болашағына ортақ жауапкершілік рухында өтті.
Маңғыстауда өткен форум қоғамның жоғары деңгейдегі бірлігін көрсетіп, Қазақстан Республикасын әрі қарай дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауды айқын көрсетті.
