Атырауда орын алған қайғылы оқиғаға байланысты кісі қолынан қаза тапқан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның жақындары күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев ұсталғаннан кейін алғаш рет БАҚ өкілдеріне пікір білдірді. Бұл туралы turkystan.kz хабарлады.
Марқұмдардың туыстарының сөзін тележурналист Жанат Жақсыбайқызы әлеуметтік желі арқылы жариялаған. Қайғы жұтқан отбасы өкілдері өздерінің жанайқайын жасырмай жеткізген.
Туыстарының айтуынша, әлі күнге дейін із-түзсіз кеткен Наурыз бен Мейрамгүлдің тірі табылуына үміт азайғанымен, ең болмаса сүйектері табылып, жер қойнына тапсыруға мүмкіндік болса екен деген тілек бар.
"Екеуі де тірі болсын (әлі күнге дейін табылмаған Наурыз бен Мейрамгүл – ред). Бірақ енді ол мүмкін емес деп ойлаймын. Тым болмаса сүйектері табылса екен деп ойлаймын. Жер қойнына тапсыра алсақ... Енді жүрегімізбен тірі келсе екен деп ойлаймыз ғой. Солар туралы күдікті айтып берсе екен. Ішімізден жылаймыз, күйінеміз, бірақ Мейрамгүлдің де, Наурыздың да ешкімге бір түйір зияны жоқ адамдар ғой. Ешкімге зияны жоқ. Қолынан келген көмегін Наурызжан аямайтын еді. "Әсел апа, қандай көмек керек?" деп жүретін. Шалқарға, ініме болсын, апама болсын қолындағы барын беріп жүретін. Көмек десе даяр тұратын. Ешкіммен керіскенін не біреуге жақтасқанын, біреуді көре алмайтындай мінезін көрген жоқпыз. Мейрамгүл өзі бала сияқты ғой. Жүре беретін адам. Ал Наурызжанның ешкімге қиянаты жоқ. Қайда жібергенін?! Жарты жыл болды жоқ болғандарына", – дейді марқұмның туысы.
Еске сала кетейік, Атырау облысында болған қос кісі өлтіру дерегі бойынша күдікті Индонезияда қолға түскен. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлескен операция нәтижесінде Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ер адамды ұстаған.