Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережелері өзгерді. Тиісті бұйрыққа Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 26 ақпанда қол қойды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл құжат «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығына өзгерістер енгізеді.
Жаңа ережелерге сәйкес, оқу мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас дайындық бағыттарына түсетін тұлғалар, оның ішінде ҚР азаматы болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері де ҰБТ-ны жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша тапсырады. Бұл талап шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламалары тобына түсетіндерге қолданылмайды.
Сонымен қатар, тестілеуге қатысуға өтінім берген, бірақ ауырып қалуына байланысты келе алмаған қатысушыларға қатысты да өзгерістер енгізілді.
«ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш берген, бірақ тестілеуге қатыспаған талапкерлерге, тестілеу өткізілетін күндері аудиторияда бос орын болған жағдайда (тиісті тестілеу тілінде қағаз форматта), келесі дәлелді себептер бойынша ҰБТ өткізілетін кезеңдегі кейінгі күндердің бірінде қатысу мүмкіндігі беріледі: ауру, ауруханаға жатқызу», - делінген бұйрықта.
Мұндай жағдайда талапкер дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын ұсынуы тиіс.
Бұдан бөлек, жақын туысының қайтыс болуы да тестілеуге келмеген адамды басқа күні емтиханға жіберуге негіз болатын дәлелді себеп деп танылады. Тестілеуге жіберілу үшін қатысушы туысының қайтыс болғаны туралы куәлікті және туыстық байланысты растайтын құжатты ұсынуы қажет.