Медицина қызметкерлеріне, соның ішінде жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты зорлық-зомбылық пен қоқан-лоққы үшін жазаны қатаңдататын ҚР Қылмыстық кодексіндегі өзгерістер 7 наурыздан бастап қолданысқа енді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Енді медицина қызметкеріне қоқан-лоққы жасағаны үшін 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл, 300 сағатқа дейін түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, не болмаса екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бұл әрекеттер ауырлатушы жағдайларда жасалса, жаза мерзімі үш жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Өмірге қауіп төндірмейтін зорлық-зомбылық көрсетілген жағдайда — 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, 600 сағатқа дейін түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, не болмаса екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Өмірге және денсаулыққа қауіп төндіретін зорлық-зомбылық үшін жаза бес жылдан он жылға дейін, ал ауырлатушы жағдайларда жеті жылдан 12 жылға дейін түрмеге жабуды көздейді.
Бұдан бөлек, медициналық мекемелерде қызметкерлерді қорғау үшін қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілуде. Таяу жылдары екі мыңнан астам фельдшерді бейнежетондармен қамтамасыз ету, 636 қабылдау бөлімінде дабыл түймелерін орнату және оқиғаны тек түсіріп қана қоймай, ықтимал қауіптерге жедел әрекет ету үшін жағдайды талдайтын камералармен жабдықтау жоспарланған. Еліміздің 152 стационарында тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеттері болады.
2019 жылдан бері елде медицина қызметкерлеріне 280-нен астам шабуыл жасау фактісі тіркелген және билік бұл шаралар медициналық мекемелердегі қауіпсіздікті арттыруға көмектеседі деп сендіреді.