Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Моншада орналасқан жекеменшік мектептер жұмысын тоқтатады

/
Моншада орналасқан жекеменшік мектептер жұмысын тоқтатады
Сурет: видеодан скрин

Елімізде заң талаптарын орындамаған жекеменшік мектептер жұмысын тоқтатады. Бүгінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылмаған жекеменшік мектептер анықталды. Кейбір жеке мектептердегі мұғалімдердің біліктілік санаты біліктілік талаптарына сәйкес келмейді. Олқылықтар жайында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «24KZ» арнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Ішінде жақсы мектептеріміз бар. Халықаралық стандартпен жұмыс жасайтын, балаларға, ұстаздарға жағдай жасалған. Мен бірінші күннен бастап айтып келе жатырмын, осындай мектептер қалады, жұмысын жалғастырады. Бірақ, қоймада, моншада, тіпті кейде айтуға ауыз бармайтын ғимараттарда мектеп ашқан және соны он жылдан астам уақыт заңдастырмаған мектептер бар. Мектеп деген ғимаратын заңдастыруға ешқандай құлық танытпаған. Әрине ол мектептер жұмысын тоқтататын болады. Бүкіл жекеменшік мектептер өзінің проблемасын қазір көріп отыр», - деді Жұлдыз Сүлейменова. 

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, 2021 жылы жекеменшік мектептердің қаржыландыру тетігі жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен республикалық бюджетке ауыстырылады. Сол кезден бастап республикалық бюджетке жүктеме де, жекеменшік мектептердің саны да көбейген. Бірақ үш ауысымды мектептер проблемасын мемлекет өзі шешіп жатыр. 

«Жекеменшік мектептер министрлікке бағынбаған кездер болған, жергілікті әкімдіктерге бағынбаған кездер болған. Сондықтан, проблема бар. Жекеменшік мектептерді заңның аясында, талапқа сәйкес жұмыс жасауы бүгінгі күннің талабы. Жекеменшік мектептер мұғалімнің айлығын төлемейді деген мәселені естіп жатырмын. Оның барлығына мемлекет қаржы бөлген. Құзыретті органдар бұл мектептермен жұмыс жасайтын болады. Егер заң талаптарына сәйкес болмайтын болса, әрине ол мектептер өзінің жұмысын жалғастырмайды», - деп түйді Оқу-ағарту министрі. 

Сонымен қатар, сұхбат барысында аттестаттаудан авторлық бағдарламалар алынып тасталатыны айтылды. Ұстаздарды аттестаттау ережесінің өзгерістері жаңа оқу жылынан бастап күшіне енеді. Алдағы уақытта «Педагог мәртебесі туралы» заңның кейбір нормалары күшейтіледі.