Таразда қоғамдық көлікте пышақ қолданылған оқиға орын алды. №11 қалалық автобус салонындағы жанжал туралы хабарлама полиция пультіне сағат 20:14-те түскен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға Жансая мөлтек ауданындағы аялдамалардың бірінде болған. Жолаушы мен жүргізуші арасында жанжал туындап, салдарынан 40 жастағы ер адам 59 жастағы автобус жүргізушісіне пышақ жарақатын салған, деп жазды HALYQSTAN телеграм арнасы.
Полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға орнында жедел құрықтады. Ұстау кезінде ер адам қарсылық көрсеткенімен, оны тез арада залалсыздандырды.
Зардап шеккен жүргізушіні жедел жәрдем бригадасы қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізді. Алдын ала мәліметтер бойынша, оған сол жақ қолтық асты аймағының шаншып-кесілген жарақаты деген диагноз қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, соққы жүрекке қауіпті жақын жерден тиген.
Зардап шегушінің қазіргі жағдайы туралы әзірге хабарланған жоқ.
Айта кетейік, бұл мұндай алғашқы жағдай емес. Өткен жылы Таразда автобус жүргізушісі мен полиция қызметкері балтамен жасалған шабуылдан жарақат алса, одан бір жыл бұрын тағы бір жүргізуші агрессивті жолаушының пышақ жұмсауынан зардап шеккен болатын.