Президенттің азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және құрылыс саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында 2025 жылы 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Болжамға сәйкес, 2026 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 18,5 млн шаршы метрді құрамақ. Бұл ретте, егер тұрғын үй құрылысын ынталандыру шаралары күшейтілсе, көрсеткіш өсуі мүмкін. Ерсайын Нағаспаевтың ақпараты бойынша негізгі жұмыстар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізіледі.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін елімізде құрылыс алаңдарын қаржыландырудан бастап ипотекалық бағдарламаларды кеңейтуге дейінгі кешенді қолдау шаралары жүзеге асырылатын болады.
Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, өткен жылы кезекте тұрғандар үшін 218 млрд теңгеге жалға берілетін 14,5 мың пәтер сатып алынған, ал «несиелік тұрғын үй» желісі бойынша 140 млрд теңгеге тағы да 14 мың пәтер салынды және сатып алынды.
Мемлекеттік баспаналар жеңілдікпен берілетін 2% және 5%-дық несиелердің арқасында қаржылай қолжетімді болып отыр. Оларды 5 мыңнан астам отбасы пайдаланды. Ал оған қосымша «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы тағы жалпы сомасы 233 млрд теңге болатын 8,6 мың заем берілді.
Былтыр азаматтарға 8 мыңға жуық жалға берілетін тұрғын үй және 11 мыңнан астам жеңілдікті ипотекалық қарыз берілді. Бұдан басқа, заңға енгізілген түзетулер бұрын «сатып алу құқығынсыз» берілген жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығын берді, өткен жылы бұл мүмкіндікті 15 мыңнан астам азамат пайдаланды. Сондай-ақ, 11 мыңнан астам адам жалдау ақысының бір бөлігіне субсидияларды пайдаланды, бұл мақсаттарға 7,6 млрд теңге бөлінді, - деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, биыл бұл жұмыстар жалғасады. Тағы 11,5 мың пәтер салу үшін 155 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын сатып алу, сондай-ақ 18 мыңнан астам жаңа жеңілдікті қарыздар беру жоспарланған.