Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Ұлттық басымдықтар жүйесіндегі ғылым мен адами капиталдың орны

/
Ұлттық басымдықтар жүйесіндегі ғылым мен адами капиталдың орны
Сурет: ашық дереккөзден

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Лаура Қарабасова жаңа Ата заң жобасында білім, ғылым және инновациялар тұңғыш рет негізгі құндылықтар ретінде айқындалып, осы арқылы сала мемлекеттік стратегиялық басымдықтар санатына енгізілгенін айтады.

Оның пікірінше, халықаралық тәжірибеге сай, ғылыми-техникалық дамуды конституциялық деңгейде бекіту оған ұзақ мерзімдік міндеттеме мәртебесін беріп, салалық саясаттың шашыраңқылығын азайтады әрі салааралық үйлесімді күшейтеді.

«Мысалы, Оңтүстік Кореяның конституциясында ғылым мен технологияның дамуын экономикалық дамумен байланыстыру білім экономикасына көшуге негіз жасады.  Ал Қытайдағы конституциялық ережелер нәтижесінде ғылым модернизация стратегиясының өзегіне айналып, нәтижесінде ғылыми әлеуетті көтеруге арналған шараларға жол ашылды», дейді сарапшы.

Сондай-ақ Лаура Қарабасова Германия, Финляндия, Эстония және Түркия секілді институционалды негізі берік елдерде де ғылым және шығармашылық қызмет еркіндігі Конституция деңгейінде айқындалғанын айтады. Бұған қоса, жаңа білім жасаудың басты факторы саналатын академиялық еркіндік ғылыми саясаттағы тұрақсыздықты азайтып, адами капиталға салынатын инвестицияның тиімділігін арттыратынын жеткізді.

«Бұл ғылым үшін түбегейлы өзгеріс кезеңі. Жаңа Конституция зерттеу қызметін қорғаудың берік негізін қалыптастырып, саланы қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оның бюджетін қысқартудан қорғау үшін заңдық негіз жасады. Ал бұл салада шамамен 23 мың ғылыми қызметкер мен 47 мыңдай профессор-оқытушы, 9 мыңнан астам докторант бар екенін ескерсек, үлкен әлеуметтік санаттың құқығы мен мүмкіндіктері ескеріліп отыр. Мұндай оң қадам 700 мыңға жуық студент үшін де мультипликативті оң әсер беретіні сөзсіз», дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы ғылым мен инновация орнының Ата заң деңгейінде айқындалуы саланың тартымдылығын арттырып, талантты жастарды ғылымға бағыттауға, ынталандыруға және ең бастысы, осы арқылы ұзақ мерзімді дамуымызға оң ықпалын тигізетінін жеткізді.