Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

273 миллион теңге: «Әділ сөз» қорының қаржысы қайдан келеді?

/
273 миллион теңге: «Әділ сөз» қорының қаржысы қайдан келеді?
Qaz365.kz

Қазақстанда сөз бостандығы тақырыбында ең жиі аталатын ұйымның бірі – «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры. Ұйымның атауы қоғамдық кеңістікте бұрыннан белгілі. Бірақ ашық қаржылық есептерге үңілсек, соңғы жылдары қор айналымындағы қаржы көлемі едәуір ұлғайғаны байқалады.

Қордың ресми сайтындағы 2024 жылғы қаржылық есепке қарағанда, қордың негізгі табысы – 273,4 млн теңге, бірақ ол «басқа табыстар» деген бапта көрсетілген. Ал өз қызметінен тапқан табысы өте аз – шамамен 300 мың теңге ғана. Яғни қордың негізгі ақшасы қызмет көрсетуден емес, басқа көздерден түсіп отыр.

Қор қанша салық төлейді?

Ұйымның қаржы айналымы соңғы жылдары өскенін салық төлемдері де растайды. Мысалы, 2021 жылы қор шамамен 10 млн теңге, 2022 жылы 15 млн теңге, ал 2024 жылы 21 млн теңгеден астам салық төлеген. Бұл ұйым арқылы өтетін қаржы көлемі көбейгенін білдіреді.

Мемлекеттік кіріс комитеті: салық төлеу (08.03.2026 ж.)

Мемлекеттік кірістер комитеті: салық төлеу (08.03.2026 ж.)

Есепке қарағанда, ұйымға келген ақшаның көп бөлігі сол жылы жұмсалғанын көреміз. Жыл соңында қордың банктегі ақшасы 20,3 млн теңге шамасында қалған. Жалпы мүлкі 26,3 млн теңге болған. Сонымен бірге 2024 жылдың соңында қордың 16,8 млн теңге міндеттемесі болған. Бұл – түрлі келісімшарттар, жобалар немесе төлемдер бойынша ұйымның атқаруы тиіс міндеттері болуы мүмкін.

Қор 2024 жылды үлкен пайда таппай, керісінше, 721 мың теңге шамасындағы шағын шығынмен аяқтаған. Коммерциялық емес ұйымдар үшін мұндай жағдай қалыпты, өйткені олардың мақсаты пайда табу емес, алынған қаржыны жобаларға жұмсау.

Қаржы көзі қандай?

Сондай-ақ «Әділ сөз» қоры Мемлекеттік кірістер комитетінің шетелден қаржы алатын тұлғалар тізімінде бар. Бұл тізімге шетел мемлекеттерінен, халықаралық ұйымдардан немесе шетелдік донорлардан ақша алатын ұйымдар енгізіледі. Сонымен қатар қор мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды, яғни мемлекеттік тендер арқылы ақша алмаған.

Ашық деректер бойынша «Әділ сөз» қоры 1999 жылы тіркелген. Ұйым Алматыда орналасқан және шағын ұйым саналады – онда шамамен 11–15 адам жұмыс істейді. Дегенмен штатында он шақты ғана адамы бар ұйым жүздеген миллион теңге айналымды қалай жүргізіп отыр? Бұл жерде күмән туғызатын емес, түсіндіруді қажет ететін жайт жеткілікті. Өйткені шағын ұйымның ірі ақша ағымымен жұмыс істеуі әдетте гранттық немесе жобалық модельге тән нәрсе.

Кім басқарады?

Қордың құрылтайшылары қатарында азаматтық қоғам мен құқық қорғау саласында белгілі бірнеше тұлға бар: Евгений Жовтис, Тамара Калеева, Жемис Турмагамбетова, Қарлығаш Жаманқұлова, Расул Рысмамбетов және Ирина Медникова. 

Қордың қазіргі басшысы Қарлығаш Жаманқұлова да қоғамдық-саяси тақырыптарда белсенді пікір білдіріп жүрген тұлғалардың бірі. Бұған дейін өткен референдум ол бірқатар бастамаларға қатысты сыни көзқарасын ашық айтып жүргені белгілі. Ал қазіргі конституциялық реформа төңірегіндегі талқылауларда Қ.Жаманқұлова белсенді позиция танытып, жаңа өзгерістердің адам құқықтарын қорғауға бағытталған нормаларын, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін күшейтетін баптарын түсіндіру және насихаттау жұмыстарында жиі көрініп жүр.