Қазақстандық мұнайды тиеп алуы керек болған Грекия туы астындағы Maran Homer танкері Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалында зақымдалды. Бұл туралы Reuters агенттігі кеменің операторы Maran Tankers компаниясына сілтеме жасап хабарлады.
Компанияның мәліметінше, 14 наурыз күні таңертең кеме КҚК терминалына кіруге рұқсат күтіп тұрған кезде, оған белгісіз нысан келіп тиген. Оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 04:35 шамасында болған.
Танкер Ресейдің аумақтық суларынан тыс жерде орналасып, қазақстандық мұнай жүгін қабылдауға дайындалып жатқан. Оқиға салдарынан экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Бортта 24 адам болған. Кеменің палубасы мен жабдықтарына аздап зақым келген.
Оқиғадан кейін кеме Новороссийск ауданынан шығып кетті, деп хабарлады оператор компания.
КҚК терминалы — Қазақстан мұнайын экспорттаудың басты бағыты. Әлемдік нарыққа шығарылатын қазақстандық мұнай жеткізілімінің негізгі бөлігі осы желі арқылы өтеді.