Алматының Медеу ауданында белгілі балуан және депутат Дәулет Тұрлыхановтың жиені — Рахат Тұрлыхановтың қатысуымен отбасылық жанжал болды. Полиция қызметкерлері шақырту бойынша оқиға орнына барып, жанжалға қатысушыларды аудандық басқармаға жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, тексеру кезінде бойжеткен бастапқыда өзіне физикалық күш қолданылғанын мәлімдеген. Алайда, кейінірек ол бұл сөздерінен бас тартып, тек отбасылық жанжал дерегі бойынша арыз түсірген.
«Тексеру нәтижесі бойынша ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі («Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қайшы әрекеттер») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», — деп хабарлады ведомстводан.
Естеріңізге сала кетейік, бұл Рахат Тұрлыхановтың басындағы алғашқы жағдай емес. 2024 жылы сот ұрып-соғу туралы істі қараған болатын. Сол кезде ер адамның жанжал шығарып, әйелі Алтынайға күш қолданғаны белгілі болған еді, бірақ тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылған.
Бастапқыда сот ескерту жасаумен шектелгенімен, кейінірек апелляциялық алқа шешімді өзгертті. Сот Тұрлыхановтың бұған дейін де жұбайын ұрғанын ескеріп, оған он тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындаған болатын.