Қазақстан аумағында жұмыс берушілермен жасалған еңбек шарттары мен азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарттар негізінде еңбек қызметін жүзеге асырып жатқан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 105 029 еңбекші азаматы үшін БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары аударылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
БЖЗҚ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 291 азаматынан зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерді орындады. Оның ішінде:
266 еңбекшіге Қазақстан заңнамасына сәйкес зейнеткерлік жасқа толуына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалды;
25 мұрагерге еңбекшілердің қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалды.
Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы органдары осы елдердің аумағында еңбек шарты негізінде жұмыс істеген және олардың зейнетақы жүйесіне сақтандыру жарналарын аударған Қазақстанның 26 азаматына жасына/кәрілігіне/мүгедектігіне байланысты өмірлік зейнетақы тағайындады. Сондай-ақ, Қазақстанның 2 азаматының қайтыс болуына байланысты олардың отбасы мүшелері болып табылатын Қазақстанның 4 азаматына асыраушысынан айырылу бойынша зейнетақы тағайындалды, деп жазды "Чёрный лебедь, рак и щука" телеграм арнасы.
2021 жылдан бастап ЕАЭО-ның басқа елдерінде жұмыс істейтін одақ азаматтары өздері жұмысқа орналасқан елдің азаматтарымен тең дәрежеде зейнетақы құқықтарын қалыптастырады, сақтайды және жүзеге асырады. Енді ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет еңбекшінің өз аумағында 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін жинақтаған жұмыс өтілі үшін өз заңнамасы бойынша зейнетақы төлейді.
Егер еңбекшінің бір мүше мемлекет аумағында жинақтаған жұмыс өтілі зейнетақыға құқық алу үшін (жинақтаушы зейнетақыны қоспағанда) жеткіліксіз болса, онда ЕАЭО-ның басқа елдерінде жинақталған жұмыс өтілі, соның ішінде Келісім күшіне енгенге дейінгі кезең де ескеріледі (мұндай жұмыс өтілі уақыт жағынан сәйкес келген жағдайларды қоспағанда). Алайда, ЕАЭО елдерінің азаматтары жұмысқа орналасқан елдеріндегі жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын ресми түрде рәсімдеуі тиіс.
Мәселен, егер Қазақстан азаматы Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО-ға мүше елдің аумағында жұмыс өтілін (мысалы, 3-5 жыл) жинақтаса, онда жұмысқа орналасқан елдің зейнетақы заңнамасының талаптары бойынша (зейнеткерлік жасқа толу, белгілі бір еңбек өтілінің болуы) зейнетақыға құқық туындаған кезде, мигрант жұмыс істеген ел дәл осы елдегі еңбек өтілі үшін зейнетақы тағайындайды. Бұл ретте Қазақстан азаматы зейнетақы тағайындау және төлеу туралы өтініш пен құжаттарды ЕАЭО елінің құзыретті органына немесе Қазақстандағы құзыретті орган ретінде БЖЗҚ-ға тапсыруға құқылы.