Шалқар қаласында 20 наурызға қараған түні топтық төбелес болды. 17 жастағы жігіт жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Полиция қылмыстық іс қозғады. Қақтығыстың барлық қатысушылары бөлімшеге жеткізілді.
«Барлық қатысушылардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы полицияның бақылауында», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаменті.
Кейбір мәліметтер бойынша, күдіктілердің саны он шақты адам. Олардың барлығы қаза тапқан жігіттің құрдастары.
Жасөспірімнің туыстарының айтуынша, ол өткен жылы мектеп бітіріп, жұмыс істеп жүрген. Алдағы уақытта әскерге барып, содан кейін білім алуды жоспарлаған.
«Ол өте пысық, ашық бала еді кез келген адаммен тіл табыса алатын... Қазіргі күйімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!..» деді қаза тапқан баланың әпкесі.