Алматыда Әл-Фараби даңғылында тағы бір өліммен аяқталған жол апаты болды. Әйел жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Апат Әл-Фараби даңғылы мен Розыбакиев көшесінің қиылысында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Delica көлігінің жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Еске салсақ, жуырда Әл-Фараби даңғылында болған тағы бір жол апатынан үш адам қаза тапқан еді. Жалпы бұл даңғыл түнгі жарыстар өтетін орын ретінде жиі аталады. Қоғамда резонанс туындағаннан кейін полиция жаппай рейдтер жүргізе бастады.
Айта кетейік, бүгін сенатор Марат Қожаев жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзатындарға жазаны күшейтуді ұсынды. Ол «ақыл-ойға тексеру» секілді арнайы тест енгізуді де көтерген.