Жанжалдан кейін ер адам оқ жарақатын алып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, 28 наурызда адамдар арасында сөзге келмеушілік туындап, арты атысқа ұласқан. Болжам бойынша, оқты полиция қызметкері атқан болуы мүмкін деген ақпарат айтылуда.
Өңірлік полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, полиция департаменті көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», - деп толықтырды полиция өкілдері.
Зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, 36 жастағы ер адам Хромтау аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда, науқас есін біледі.