NASA X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында Жердің ғарыштан түсірілген жаңа фотосын жариялады. Бұл – соңғы 50 жылда алғаш рет осындай қашықтықтан түсірілген ерекше кадр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сурет Artemis II ай миссиясының астронавттары тарапынан шамамен 70 мың шақырым қашықтықтан түсірілген. Фото Orion ғарыш кемесінің бортынан жіберілген.
Дереккөздердің мәліметінше, суретті экипаж мүшесі Рид Уайзман кеменің иллюминаторы арқылы, транслуналық траекторияға шыққаннан кейін түсірген.
Айта кетейік, бұған дейін адамзат Жерді мұндай қашықтықтан соңғы рет 1972 жылы суретке түсірген.
"Қайырлы таң, әлем! Біз туған планетамыздың жоғары сападағы жаңа әрі әсерлі суреттерін алдық", – делінген NASA жарияланымында.
Суреттен Африканың солтүстік бөлігі, оның ішінде алып Сахара шөлі, сондай-ақ Пиреней түбегі анық байқалады. Кадрдың басым бөлігін Атлант мұхиты алып жатыр.