Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

БҰҰ Бас хатшысын іріктеу науқаны: Президент есімі неге аталды?

/
БҰҰ Бас хатшысын іріктеу науқаны: Президент есімі неге аталды?
Ақорда

Біріккен Ұлттар Ұйымының келесі Бас хатшысын таңдау науқаны жаңа кезеңге өтті, деп хабарлайды Arasha.kz. Бүгінде Бас хатшыны іріктеу тәртібі жаңартылып, бұрынғыға қарағанда ашықтық күшейтілген. Енді кандидаттар тек келіссөздер арқылы емес, өз бағдарламасын жария түрде таныстырып, мемлекеттердің сұрағына жауап береді.

Қазіргі таңда негізгі үміткерлердің қатарында Рафаэль Мариано Гросси, Ребека Гринспан және Маки Салл бар. Бұған дейін ұсынылған Мишель Бачелет пен Вирджиния Гамба кейін өз кандидатураларын қайтарып алған.

Алдағы маңызды кезең – 20 сәуірден басталатын интерактивті диалогтар. Бұл кездесулер онлайн форматта өтіп, кандидаттар өз бағдарламасын таныстырып, мемлекеттердің сұрағына жауап береді. Бұдан кейін шілде айында Қауіпсіздік кеңесі негізгі үміткерді анықтап, оны Бас Ассамблеяға ұсынады.

Осы науқан аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төңірегіндегі талқылау да күшейіп отыр. Сарапшылар оның ықтимал кандидатурасын жиі сөз етіп, бұл тақырып халықаралық деңгейде де қызығушылық тудырды. Мұндай болжамдарға оның БҰҰ жүйесіндегі тәжірибесі, яғни 2011-2013 жылдары Бас хатшының орынбасары қызметін атқаруы, сондай-ақ халықаралық дипломатиядағы белсенділігі себеп болып отыр.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев бұл тақырыптың күшеюін Қазақстандағы ішкі саяси өзгерістермен байланыстырады:
«Бұл мәселе әсіресе жаңа Конституцияны әзірлеу мен қабылдау кезеңінде қатты талқыланды. Өйткені реформалар жедел жүргізіліп, биліктің сабақтастығын қамтамасыз ететін тетіктер қайта қаралды, соның ішінде вице-президент қызметі қайта енгізілді. Осы өзгерістердің барлығы жақын уақытта билік транзитіне саяси негіз дайындалды деген пікірдің қалыптасуына әсер етті», – дейді ол.

Кей сарапшылар Қ. Тоқаевтың кандидатурасы Түркі мемлекеттері ұйымы аясында ұсынылуы мүмкін деген пікір айтады. Әсіресе мамыр айында Түркістанда өтетін бейресми саммит осы тұрғыда маңызды кезең ретінде қарастырылып отыр.

Дегенмен ресми позиция өзгеше. Бұған дейін Президенттің өзі БҰҰ-ға қайта оралу ниеті жоқ екенін мәлімдеген. Оның үстіне қазіргі кезеңде ел ішіндегі реформаларды жүзеге асыру және мемлекеттік институттардың тұрақтылығын қамтамасыз ету негізгі басымдық болып отыр.

Соған қарамастан, БҰҰ Бас хатшысын іріктеу процесі әлі аяқталған жоқ. Тәжірибе көрсеткендей, жаңа кандидаттар соңғы кезеңдерде де қосылуы мүмкін. Сондықтан қазіргі үміткерлермен шектелмей, алдағы айларда бұл тізімнің кеңеюі де ықтимал.