Қазақстанда жанармай бағасы мораторий аяқталғаннан кейін күрт қымбаттаған жоқ. Бұл туралы Сенат кулуарында Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов мәлімдеген еді. Оның айтуынша, сәуірден бастап жанармай нарығы толықтай еркін режимге өткен. Соған қарамастан, бағада айтарлықтай өзгеріс байқалмай отыр.
«Қазір жанар-жағармай нарығы нарықтық жолмен қалыптасады. Баға өзгеріп жатқан жоқ. Бұл ең алдымен сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Қазіргі таңда тапшылық жоқ: бізде 600 мың тоннадан астам бензин және 600 мың тоннадан астам дизель отыны бар. Қор жеткілікті», – деді вице-министр.
Алайда нарықтағы жағдай толықтай өзгеріссіз деп айту қиын. Өткен жылы Энергетика министрлігі жанармай бағасына белгілі бір дәліз белгілеп берген еді. Соның аясында нарық іс жүзінде бір жыл бойы, сондай-ақ 2026 жылдың алғашқы үш айында жұмыс істеді: АИ-92 бензині 213–239 теңге аралығында, дизель отыны 317–337 теңге шамасында сатылып келді. Бұл шектеу бағаның күрт құбылуына жол бермей, нарықты бірқалыпты ұстап тұрды.
Мораторий аяқталғаннан кейін жағдай біртіндеп өзгеріп жатыр. Қазір баға әлі де сол бұрынғы диапазоннан аса қойған жоқ, бірақ кейбір жанармай құю бекеттерінде жоғары шекке жақындау байқалады. Яғни, нарық жаңа ережеге бейімделе бастағаны көрініп тұр.
Тәуелсіз сарапшы Олдас Байділдинов қазіргі жағдайды біржақты «баға өспеді» деп бағалау дұрыс емес екенін айтады. Оның пікірінше, мәселе тек бағаның бүгінгі деңгейінде емес, нарықтың ішкі теңгерімінде жатыр.
Сарапшы ең алдымен жанармай түрлері арасындағы баға айырмашылығына назар аударады.
«Қазір АИ-95 пен АИ-98 тұтынушылары АИ-92 қолданатындарды іс жүзінде субсидиялап отыр», – дейді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанда АИ-92 мен АИ-95 арасындағы айырмашылық шамамен 36 пайызға жеткен. Ал басқа елдерде бұл алшақтық әлдеқайда төмен: мысалы, Ресейде 7–10 пайыз, ал Біріккен Араб Әмірліктерінде 3–5 пайыз шамасында. Мұндай дисбаланс нарықтағы баға саясатында жүйелі мәселе барын көрсетеді.
О.Байділдинов тағы бір маңызды факторға тоқталады – өңірлік теңгерім. Оның сөзінше, елдің оңтүстігінде жанармайға сұраныс өсіп келеді, бірақ Шымкент мұнай өңдеу зауыты бұл қажеттілікті толық жаба алмай отыр. Соның салдарынан жанармай басқа өңірлерден жеткізіледі, ал теміржол тарифінің қымбаттауы тасымал құнын күрт өсірген.
Бұл түптеп келгенде бөлшек бағаға қысым түсіретін факторлардың бірі.
Сарапшы жалпы қазіргі модельдің шегіне жеткенін ашық айтады. Оның пікірінше, мораторий өз уақытында әлеуметтік тұрақтандыру құралы болды, инфляцияны тежеді. Бірақ енді бұрынғы тәсілмен бағаны ұстап тұру мүмкін емес.
«Бұрынғы бағаны әкімшілік жолмен ұстап тұру моделі жұмыс істемейді. Ерте ме, кеш пе, нарық бәрібір өз бағасын қояды», – деген пікірде ол.
О.Байділдинов алдағы кезеңге қатысты бірнеше сценарийді атап өтеді: мораторийді қайта ұзарту, шикі мұнай бағасын төмендету немесе жанармай бағасын толық еркіне жіберу. Алайда соңғы нұсқа іске асса да, баға бірден тұрақталады деу қиын. Себебі алда теміржол тарифтері мен басқа да шығындардың өсуі күтіліп отыр.
Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайда жанармай бағасы тек ішкі шешімдерге ғана емес, жалпы экономикалық факторларға – өндіріс шығынына, логистикаға және мұнай жеткізіліміне тәуелді болып барады. Демек, бүгінгі салыстырмалы тұрақтылық ұзақ мерзімді кепілдік емес.