Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Айды зерттеу қалай жүргізіледі: қазақстандық ғалым түсіндірді

/
Айды зерттеу қалай жүргізіледі: қазақстандық ғалым түсіндірді
НСТР КС/AstroNYX

Адамзат Айға қайта оралу дәуіріне қадам басты. «Артемис» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан зерттеулер ғарыш ғылымындағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Бұл туралы Назарбаев университетінің оқытушысы, астрофизик Бекдәулет Шүкірғалиев айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Артемис» бағдарламасы аясында төрт астронавт Айдың арғы бетін зерттеп, суретке түсіру үшін жіберілген болатын.

Ғалымның айтуынша, мұндағы миссиялардың басты мақсаты – Ай бетінде болып жатқан табиғи процестерді тереңірек түсіну.

"Негізгі ғылыми бағыттардың бірі – Ай бетіне түсетін соққыларды зерттеу. Яғни, әртүрлі аспан денелері Айға қаншалықты жиі құлайды және олардың әсері қандай – осы сұрақтарға жауап ізделуде", - дейді ғалым.

Оның сөзінше, бұл зерттеулер тек Айды ғана емес, жалпы Күн жүйесіндегі процестерді түсінуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ғалым адамзаттың Айға қайта бет бұруын тарихи оқиға деп бағалайды.

"Бұған дейін «Аполлон» бағдарламасы арқылы америкалықтар Ай бетіне қонған. Кейін бұл бағыттағы жұмыстар ұзақ уақыт тоқтап қалды. Қазір бұл зерттеулер қайта жанданып отыр. Бұл – ғарыш саласындағы үлкен серпіліс", - дейді ол.

Бекдәулет Шүкірғалиев Қазақстанда да Айды зерттеуге қатысты жобалар бар екенін атап өтті.

"Қазіргі таңда Физика-астрономия институты мен ғылыми ұйымдар Айды айналып жүретін телескоп жобасын әзірлеуде. Егер бұл бағдарлама алдағы онжылдықта іске асса, Қазақстан үшін жаңа ғылыми мүмкіндік ашылады", - дейді астрофизик.

Оның айтуынша, мұндай жобалар елдің ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейдегі зерттеулерге жол ашады.