АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты бірқатар қатаң мәлімдеме жасап, күш қолдану мен толық теңіз блокадасын енгізу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтты. Бұл туралы ол Fox News телеарнасындағы сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның сөзінше, егер Тегеран ядролық бағдарламадан бас тартпаса, Вашингтон радикалды шараларға баруға дайын.
"Мен Иранды бір күнде, тіпті бір сағаттың ішінде жоя аламын", – деді Трамп.
Сондай-ақ ол АҚШ қысымды күшейтуді жалғастыратынын атап өтті.
"Егер олар ядролық бағдарламадан бас тартпаса, мен Иранға қарсы әрекеттерді жалғастырамын", – деді ол.
Сонымен бірге, Трамп Иранның ақырында келіссөзге келіп, АҚШ талаптарын толық орындауына сенімді екенін жеткізді.
"Олар қайта оралып, біз қалағанның бәрін береді деп ойлаймын. Маған 90% немесе 95% керек емес, маған бәрі керек", – деді ол.
Президент жаңа әскери технологиялар туралы да айтты.
"Бізде дрондарды жоюға арналған жаңа технологиялар бар – компьютерлендірілген оқтар. Сондай-ақ лазерлер дрондарды ерітіп жібереді, бұл өте әсерлі көрінеді", – деді Трамп.