Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ Ирандағы соғысқа алаңдап, Украинаға жеткілікті көңіл бөле алмай отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл Киевке әскери көмекке де әсер етіп жатыр, деп баяндайды Arasha.kz.
Зеленский ZDF телеарнасына берген сұхбатында америкалық келіссөз жүргізушілер Иранмен байланысқа көбірек уақыт бөліп отырғанын айтты. Сол себепті Украина мәселесі екінші қатарға ысырылған. Президенттің пікірінше, егер Ирандағы соғыс ұзаққа созылса, Украинаға бөлінетін қару-жарақ көлемі де азаюы мүмкін.
Ол әсіресе әуе қорғаныс жүйелерінің тапшылығына назар аударды. Украина армиясында Patriot кешендері жетіспейді. Зеленский бұл мәселені «ең өткір дефицит» деп сипаттады.
Сонымен қатар, Украина Ормуз бұғазын ашу операциясына қатысуға дайын екенін білдірген. Алайда АҚШ бұл мәселеде Киевтен нақты көмек сұрамаған. Бұған дейін Дональд Трамп Украина мұндай операцияларға қатысуы керек еді деген пікір айтқан.
Зеленский Еуропадағы негізгі серіктес ретінде Германияны атады. Оның сөзінше, Берлин Киевке АҚШ-қа қарағанда көбірек көмек көрсетіп отыр. Германия Украинаға әуе қорғанысы, дрондар мен оқ-дәрі жеткізу бойынша жаңа келісімдерге келген.