Продюсер Баян Алагөзованың Меруерт Өтекешовадан сыйға алған қамзолы туралы жазбасы қоғамда үлкен пікірталас туғызды. Осыған байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Министрлік дерегінше, аңызға айналған Қыз Жібек фильмінде пайдаланылған түпнұсқа қамзол «Қазақфильм» киностудиясының музей қорында сақтаулы. Бұл жәдігер ұлттық кино мұрасы ретінде мемлекет қорғауында тұр.
Ал продюсер көрсеткен екінші қамзолдың шығу тегі мен оның жеке адамға қалай өткеніне қатысты мәселе қазіргі таңда тексеріліп жатыр.
Сонымен қатар, министрлік ұлттық фильмдердегі құнды костюмдер мен реквизиттерді жинақтау және қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы бағытта «Қазақфильм» базасында заманауи музей ашу жоспары бар.
«Жаңа музейде отандық кино тарихына қатысты бірегей жәдігерлер топтастырылып, көпшілікке ұсынылады», – делінген ресми хабарламада.
Ведомство мәдени құндылықтарды сақтау мен қорғау әрдайым басты назарда екенін еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында актриса Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильмінде киген қамзолды көрсеткен болатын.