Атырау қаласында Яна Легкодимованы өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Алтынбек Катимов пен Ризуан Хайржанов тергеу изоляторынан өмірлік жаза өтейтін колонияға жеткізілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Дереккөз мәліметінше, этаптау 19 сәуір күні таңертең жүзеге асқан. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, сотталғандарға этап туралы небәрі бір сағат бұрын ғана хабар беріледі. Олар басқа да тұтқындармен бірге арнайы вагон арқылы тасымалданған.
Бұған дейін этаптау уақыты белгісіз болып келген. Сот үкімі шыққанына қарамастан, сотталғандар бірнеше ай бойы Атыраудағы тергеу изоляторында ұсталған. Қаза тапқан қыздың анасы Галина Легкодимова Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне жүгініп, олардың нақты қашан колонияға жіберілетінін түсіндіруді сұраған болатын.
Атырау облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бұған дейін арнайы Ұлттық ұлан күзеті бөлініп, сотталғандарды заң талаптарына сәйкес этаптау жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.
Қазіргі таңда дереккөздер олардың өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған түзеу мекемесіне жеткізілгенін растап отыр.